Placeholder
Новости Казахстана15 декабря 2022, 17:42

Түркістан облысында әріптестерін аяусыз ұрған полиция басшысы жұмыстан қуылды

Түркістан  облысының Қазығұрт ауданында қарамағындағы қызметкерлерді ұрып-соғатын полиция бөлімі басшысының орынбасары қызметінен кетті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов мәлімдеді, деп хабарлайды arbat.media.

Аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасарының бұл қызметпен қоштасуына қызметкерлеріне көрсетіп келген қысымы себеп болса керек.

"Әлеуметтік желіде желдей ескен полицейдің іс-әрекеті жайлы жазбалар бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқанын баршаңызға жеткізген едім. Сол шаралардың бастамасымен бөлісуді жөн деп отырмын. Себебі нақты қолданылып жатқан жұмыстардан сіздердің хабардар болуларыңыз, полицияның ашықтығын білдіреді. Ал енді осы жағдайда байланысты департаментте тәртіптік комиссия отырысы өтті. Онда полиция қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі қаралды. Заң аясында жүргізілген комиссия отырысының қорытындысы бойынша бейнежазбадағы басшының орынбасары қызметтен босатылды», - деп жазды облыстық ПД басшысы Мұрат Қабденов.

Полиция басшысы Қазығұрт ауданында қарамағындаларды қысымға алған басшыға қазір қылмыстық кодекстің 362-бабымен "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"Қай қызметте болмасын, бір жақты қарамай, жан-жақты тексеріп, заңға бағынып, әділ шешімнің шыққаны дұрыс!", - деді Мұрат Қабденов.

Бұған дейін Қазығұрт ауданында жұмысқа үй киімімен келіп, қарамағындағы қызметкерлерді ұрып-соғып жүрген басшы туралы бейнежазба тараған еді. Онда полиция қызметкерлерінің басшыдан үрейленіп қашқаны анық байқалды.  

 

 

Түркістан облысы полиция Шектен шыққан Қоғам

Новости по теме