Placeholder
Новости Казахстана14 марта 2023, 22:14

Ораза 23 наурызда басталады, пітір мөлшері 535 теңге - ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы оразаға байланысты баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Arbat.media.

Бас мүфти Рамазан айы жайлы баяндап, БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді. 

Біз Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мүфти биыл берілетін садақа мөлшері туралы да айтты. 

Биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады, - деді Бас мүфти. 

Сонымен бірге, бас мүфти оразаға орай кәсіпкерлерге үндеу жасады. 

Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеймін. Осы сәтті пайдаланып, барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімді жеткіземін, - деді Н.Тағанұлы. 

 

Наурызбай қажы Мүфти Қоғам Дін

Новости по теме