Placeholder
Новости Казахстана9 декабря 2022, 13:30

“Жаңа Қазақстанда” әкімдердің 30 пайызы жаңарды

Президент сайлауынан кейін Үкіметтің отставкаға кететіні белгілі. Бірақ Тоқаев Смайыловтың командасын Парламент сайлауына дейін өзгертпейтін болды. Есесіне, кейбір әкімдерді ауыстырды. 

Аrbat.media тілшісі екінші рет сайлауда жеңіске жеткен Тоқаевтың тағайындауларына шолу жасап көрді.

17 облыс, үш республикалық маңызы бар қаланың әкімдерінің кейбірі жылы орындарын суытты. Жеңіс Қасымбек, Құмар Ақсақалов сияқты көрші аймаққа қоныс аударғандары бар.

Бес бірдей облысты басқарып, рекорд жаңартқан Бердібек Сапарбаев сәуірде зейнетке кеткен. Бірақ Мәшбек ақсақалдың әкім болуға лайықты ұлы жалғыз Бердібек ғана емес екен. Кенжесі Нұрлыбек Нәлібаев биыл Қызылорда облысының тізгінін ұстады. Сайлаудан кейін де ол өз орнын сақтап қалды. 

Нәлібаевқа тамызда Алматыда ұлан-асыр той жасап, шулатқаны да кедергі келтірген жоқ.

“Ескі Қазақстанның” ең көне кадрларының бірі - Даниал Ахметов. Қазіргі әкімдердің арасында облыс басқарудан рекордты ұстап тұр. Сайлаудан кейін зейнетке шығады дегендер болған. Бірақ Кенжетайұлы барлық болжамды жоққа шығарды. 2014 жылдан бері Өскеменнен қозғалмаған Ахметов әлі неше жыл отыратыны әлі белгісіз.

Соңғы он жылда саяси мансабы тек өсумен келе жатқан Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысын үш жыл басқарды. Астана әкімі Алтай Көлгіновтің орнына қонжиған оны президент сайлауынан кейін биліктен бір жола кетуі мүмкін деп жорып жүрген еді. Әкесі Махмұд Қасымбек отыз жыл бойы Назарбаевтың сенімді серігі ретінде жауапты қызмет атқарғанын ел біледі. Алда бұдан да биік қызметтің тетігін ұстап қалуы ғажап емес. 

Жеңіс Қасымбек секілді бір облыстан екінші қалаға ат ауыстырған Құмар Ақсақалов Қостанайға табан тіреді. Аты көп естілмейтін әкім бес жыл бойы СҚО-ны басқарып, енді туған жері Қостанай облысының тізгінін ұстады. Саясатта ең тыныш, аты сыннан ада, істеген тірлігі онша байқала бермейтін Құмар Ақсақалов тып-тыныш өлке Қостанайды өрге сүйреуге бел шешіп кіріспек. 

Құмар Ақсақаловтың орнына ауыл шаруашығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров аттанды. Білетіндер СҚО-ның жаңа әкімін Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің құдасы деседі. 

Қала әкімі болған екі шенеунік биыл облыс басшылығына көтерілді. Қарағанды облысын басқарған Жеңіс Қасымбектің орнына қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев жайғасты. Тура осындай тағайындау Павлодарда да болды. Таяуда ғана Екібастұз тұрғындары жылусыз қалған соң қызметімен қоштасқан Әбілқайыр Сқақовтың орнына араға апта салып Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов отырды. 

Батыс Қазақстанды үш жыл басқарға Ғали Есқалиев екі ортада қызметсіз қалды. Премьер-министр Әлихан Смайылов сәуірде ғана облыс әкімін бірнеше рет сынға алған еді. Алайда тағайындау кезінде БҚО әкімі қызметсіз қалады деп ешкім күтпегені рас.

Әкім Тағайындау Қызмет Президент

Популярное:

Сегодня, 9:57 Новости Казахстана
Сегодня, 11:19 Новости Казахстана
Сегодня, 12:26 Новости Казахстана
Сегодня, 9:00 Новости Казахстана

Новости по теме